Ақтөбе облысының Бас имамы өңір асабаларымен кездесті
Қоғамдағы той мәдениетін жетілдіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және асабалардың кәсіби жауапкершілігін арттыру мақсатында Ақтөбе облысының бас имамы өңірдегі той жүргізушілерімен арнайы кездесу өткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы аясында ұйымдастырылған «Асаба болу – өз ісің, әдептен озбай, борышың» атты рухани-танымдық басқосу өңірдің танымал асабалары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Жиын барысында асабалардың қоғамдағы орны, сөз саптау мәдениеті, әзіл-қалжыңның әдебі, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту және ысырапшылдықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуде облыстың Бас имамы Амантай Садиев асабалардың тек ойын-сауық ұйымдастырушы ғана емес, көпшілікке сөзі өтімді, қоғамдық пікір қалыптастыратын тұлғалар екенін ерекше атап өтті:
«Асабаның жауапкершілігі тек тойды көңілді өткізіп, көпшіліктің көңілін аулаумен шектелмейді. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар, ұлттың ұрпағын тәрбиелеп отырған әкесіздер. Халық екі жағдайда бас қосады: қайғыда және қуанышта. Қаралы сәттерде имамдар халыққа басу айтып, жөн сілтесе, қуанышты жиындарда тізгінді сіздер ұстайсыздар. Сондықтан тойды қалай басқарасыздар, қандай сөз айтып, қандай құндылықты насихаттайсыздар – мұның барлығы аса маңызды. Ұлттық дәстүріміз, тіліміз, тарихымыз бен мәдениетімізді сақтау – баршамызға ортақ міндет», – деді облыстың бас имамы.
Сонымен қатар басқосуда қоғам қайраткерлері мен ел ағалары сөз сөйлеп, қазіргі той мәдениетіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Амантай Үмбетай, қоғам қайраткері, «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Марат Қойлыбаев, жырау, «Ерен еңбегі үшін» медалдің иегері Әділбек Сарин, облыстық бата сайысының жеңімпазы Нұрлан Есенғазы, Ақтөбе облысы «Конфессияаралық қатынас» бөлімінің бас маманы Мереке Байдрахманұлы, Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Дәмен Өмірбек тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті. Спикерлер орынсыз әзілдер мен әдепсіз ойындардан, даңғазалық пен артық мақтаннан арылып, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, бата беру сынды ата дәстүрлерімізді дәріптеу қажеттігін алға тартты.
Өз кезегінде асабалар да ұсыныс-пікірлерін білдіріп, мұндай еркін форматтағы жүздесулер кәсіби шеберлікті шыңдап, ортақ мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізетінін жеткізді.
Басқосу қорытындысы бойынша өңір асабаларының аймақтық алқасын құру туралы ортақ шешім қабылданды. Бұл бастама асабалардың өзара ынтымақтастығын нығайтып, тәжірибе алмасуға, ортақ әдеп қағидаларын бекітуге және ұлттық болмысқа сай өнегелі той мәдениетін қалыптастыруға бағытталмақ.
Айта кетейік, той – тек көңіл көтеретін орта ғана емес, ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығы көрініс табатын тағылымды алаң. Сондықтан асабаның әрбір сөзі мен ісі қоғамның рухани-мәдени келбетіне тікелей әсер ететіні сөзсіз.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі


















































