Рамазанның алғашқы күні көп балалы отбасыға қаржылай көмек көрсетілді 5967

Рамазанның алғашқы күні көп балалы отбасыға қаржылай көмек көрсетілді

20 ақпан 2026 58 Оқу 1 минут

Рамазан айының алғашқы күнінде қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісі көрсетілді. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің жастар ұжымы көп балалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыға 700 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

Имам және жастар өкілі отбасыға Алланың жеңілдігін тілеп, Рамазан айымен құттықтады. Артынша үйдің үлкен анасы қайырымдылық жасаған кісілерге Алланың разылығын тілеп, өзінің ақ батасын берді.

Аталған отбасы — жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған, сырқат қызы бар жанұя. Қазіргі таңда олар бір бөлмелі жалдамалы баспанада 11 адам болып тұрып жатыр. Үй ішінде 4 ересек адам және 7 кәмелетке толмаған қыз бала бар. Отбасындағы жалғыз табыс көзі — ұлының такси қызметінде атқарып жүрген еңбегі.

Анасының жүрек ақауы (порог сердца) диагнозына байланысты денсаулығы сыр беріп, ұзақ уақыт тік тұрып жүріп-тұруға мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты отбасының әлеуметтік жағдайы күрделене түскен. Соған қарамастан, шаңырақтағы үлкен әже мен жас келін бірігіп, балалардың тәрбиесі мен тұрмыстық қажеттіліктерін барынша қамтуға күш салып келеді.

Қайырымдылық қаражаты отбасының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге және балалардың күнделікті қажетіне жұмсалмақ.

Рамазан – мейірім мен жанашырлықтың, береке мен сауаптың айы. Осындай игі істер қоғамдағы бірлікті нығайтып, мұқтаж жандарға үміт сыйлайды. Алла Тағала қайырымдылық жасаған азаматтардың ниеттерін қабыл етіп, берекесін арттырғай.

Айта кетейік, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің жастары ұжым арасында әртүрлі ойындар өткізіп, фильм көрсеткен, сондай-ақ әртүрлі азық-түлік сатып жәрмеңке өткізген. Екі күнге созылған қайырымдылық шарадан жиналған қаражатты аталған отбасыға жұмсауды жөн көрген екен.

Алла Тағала игі іске атсалысқан әрбір жанға разы болып, екі дүние жақсылығын нәсіп етсін. Рамазанда жасаған дұғаларының барлығы қабыл болсын деп тілейміз.