Ақтөбе облысына іс-сапармен Арман Қуанышбаев келді 2326

Ақтөбе облысына іс-сапармен Арман Қуанышбаев келді

19 желтоқсан 2022 236 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, ҚМДБ Ақтөбе облысындағы 2022 жылдың жоспарына сәйкес, "Ислам –  ынтымақ пен бірлік діні жылы" аясында Темір аудандық дін істерінің қолдауымен РАНТ мүшесі, Түркістан облысы Кентау қаласы "Балаби қари" Құран жаттау ортылығының директоры, ұстаз Арман Қуанышбаев Ақтөбе облысына арнайы іс-сапармен келді. 

Іс-сапар облыстық "Нұр Ғасыр" мешітінде құптан намазынан кейін "Ризық несібенің мол болуы – Алланың кешіріміне байланысты",  "Ұрпақ тәрбиесі –  ұлт болашағы" және  "Бірлік пен бейбітшілік – біздің ортақ мүддеміз!" тақырыбында уағыз-насихат айтудан басталып, Темір ауданында жалғасын тапты. 

Аудандағы сапар барысында РАНТ мүшесі аудан әкімі Саламат Аманбаевпен  кездесу барысында  өңірдегі жалпы діни ахуал жағдайы, діни бірлестіктер мен діни қызметкерлердің біліктілігі, халықтың рухани-мәдени әлеуетін арттыру, діни сауаттылығы тұрғысынан өзекті мәселелер талқыланды. Ал Темір ауданы әкімшілігі мен "Балаби қари" Құран жаттау орталығы арасында "Өзара ынтымақтастық және діни кадр дайындау жөніндегі" екіжақты меморандумға қол қойылды. 

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде Арман Қуанышбаев ұстаздың қатысуымен "Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол!" тақырыбында халықпен рухани кездесу кеші ұйымдастырылып, дін мен салт-дәстүр, отбасы құндылығы төңірегінде насихат айтылып, аталған тақырыптар төңірегінде сұрақтар қойылып, оған  РАНТ мүшесі жан-жақты тұщымды жауап берді. 

Ауданнан ауылда жалғасқан іс-сапарда ұстаз Кенкияқ ауылындағы "Салтанат" мейрамханасында Кенкияқ және Саркөл ауылдарының, сондай-ақ Мұғалжар ауданынан арнайы келген делегаттарға РАНТ мүшесі "Жамағаттың бірлігі – халықтың бірлігі, жамағаттың сауаттылығы – елдің сауаттылығы!" тақырыбында толығырақ түсіндіріп өтті. Ал Кенкияқ ауылындағы "Ырысты ана" мешітінде "Сынақтан сабақ алу – мұсылманның міндеті" туралы насихатқа тоқталды.  

Одан өзге Арман Қуанышбаев Саркөл ауылдық спорт кешенінде "Бірлігі жарасқан жамағат" атты ауданаралық мешіт жамағаты арасындағы шағын футболдан өткен турнирде әділқазы болып, жеңімпаздарды марапаттады. 

Ал Кенкияқ мәдениет үйінде РАНТ мүшесінің қатысуымен "Салиқалы ұрпақ – ұлт болашағы" тақырыбы аясында рухани кеш өтіп, оған Кенкияқ және Саркөл ауылдарының жастары, ардагерлері, мұнай-газ компанияларының жұмысшылары қатысып, діни және рухани құндылық туралы сауалдар қойып, сүбелі жауап алды. 

Айта кетсек, іс-сапар барысында Арман Қуанышбаев Саркөл ауылында үшемге азан шақырып, Фатима, Әмина және Медина есімін қойып, кішкентайдың отбасына отбасына жақсылық пен амандық тілеп, бата берді.

Одан өзге РАНТ мүшесі аудандық "Досжан ишан" мешітінде жамағатқа "Алла Тағаланы еске алу" тақырыбында  уағыз айтып, "Асыл ана" мейрамханасында Шұбарқұдық ауылының жамағатымен өткен уағыз-шәйда "Жомарт пенденің дәрежесі мен сауабы" тақырыбында сұхбат құрды. 

Қала және аудан жамағаты аталған іс-сапарды ұйымдастырушылар мен арнайы  өңірге жұмыс сапарымен шақыртылған Арман Баймаханұлына сәттілік тілеп, алғысын білдірді. 

Айта кетсек, Ақтөбе облысында өткен 3 күндік іс-сапар барысында  Арман Қуанышбаев 12 іс-шараға қатысып, 5900 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Ақтөбе облыстық орталық 

"Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі