Ақтөбе: 104 отбасыға «Рамазан сыйы» табысталды
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен 2 тонна 500 кг қамтитын азық-түлікті қамтыған «Рамазан сыйы» 104 отбасыға табысталды. Қасиетті Рамазан айында сауаптар 70-тен 700 есеге дейін еселенеді. Яғни, бұл айда жасалған әрбір игі амал ерекше. Осындай жақсылықтың бірі ретінде «Рамазан сыйы» деп аталатын ауқымды қайырымдылық шарасы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Анвар» сауда желісінің демеушілігімен өтті. Сонымен қатар арнайы тізім бойынша шақыртылып, көмек алуға жиналғандардың алдына облыстың Бас имамы Амантай Садиев Рамазан айымен құттықтап, зекетін беріп, демеушілік жасаған жандарға Алла разы болсын деп игі тілегін білдірді. «Рахым айында берілген садақаның сауабы еселеп артады. Сондықтан жағдайы бар адамдар ораза кезінде Зекет беруге асыққаны абзал. Алла Тағала зекеті мен садақасын берген адамның өмірін берекелендіріп, күнәсынан тазартатындығы айтылады. Алайда, адам сол ең жақсы көрген дүниесін Алла жолында бөлісуімен құлдығы шынайыланбақ. Біз басқа да кәсіпкер азаматтарды өз Зекеті мен көмегін мұқтаж отбасылармен бөлісіп, осындай сауапты іске атсалысуға шақырамыз»,- деді облыстың Бас имамы. Шара қортындысында көп балалы т.б аналар ұйымдастырушылар мен кәсіпкерлерге алғысын айтып, ақ батасын берді. Одан өзге облыстың Бас имамы Амантай Садиев БАҚ өкілдеріне шараның маңыздылығы туралы сұхбат берді. Қайырымдылық шаралары әліде жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі