Әл-Ләтиф мешітінің жамағаты тарихи-мәдени орындарды аралады
Әл-Ләтиф мешітінің Бас имамы Аманғосұлы Рүстембек бастаған мешіт жамағаты «Дархан дала» отандық туризм жобасы аясында Қобда ауданына танымдық әрі рухани сапар жасады.
Сапар барысында қонақтарды «Шәріп молда» мешітінің бас имамы Шымболатов Абай құрметпен қарсы алып, Қобда өңіріндегі тарихи және рухани маңызы бар орындармен таныстырды.
Іс-шара аясында жамағат «Қобыланды батыр» ескерткішіне зиярат жасап, ел қорғаған батыр бабамыздың рухына тағзым етті.
Сонымен қатар, Қобда аудандық музейіне барып, өңір тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысып, танымдық экскурсияға қатысты.
Аталған сапардың негізгі мақсаты — жамағаттың рухани және тарихи танымын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ отандық туризмді насихаттау болып табылады.
Сапар барысында қатысушылар ерекше әсер алып, ел тарихына деген қызығушылықтары арта түскенін жеткізді.
Жалпы бұл танымдық сапарға Әл-Ләтиф мешітінің жамағатынан 15 адам қатысып, рухани тұрғыда мол әсермен оралды.














































