АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ, ҚОБДА АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ
Бүгін, 2026 жылдың 13 ақпанында, қасиетті жұма күні Ақтөбе облысы, Қобда ауданына қарасты Жарық ауылында жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындары үшін айтулы рухани оқиғаға айналған игі шараға облыс және аудан өкілдері, ақсақалдар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын жүргізушінің алғы сөзімен басталды. Кейін Қобда аудандық «Шәріп молда» мешітінің бас имамы Абай Шымболатов қасиетті Құран аяттарын оқып, жамағатқа рухани әсер сыйлады.
Іс-шара барысында Ақтөбе облыстық орталық “Нұр Ғасыр” мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов Құран батасын жасап, жаңа мешіттің ел игілігіне қызмет етуін тілеп, ауыл тұрғындарын құттықтады. Сондай-ақ жергілікті ақсақал Кустанаев Бақтияр Адайұлы сөз сөйлеп, мешіттің ашылуы ауыл үшін үлкен береке мен бірліктің нышаны екенін атап өтті.
Рәсім аясында әжелер шашу шашып, жамағат мешіт ішіне кіріп, 2 ракағат сәлем намазын оқыды.
Облыс наиб имамы жиналған қауымға насихат айтып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің шешімімен тағайындалған мешіттің жаңа имамы Демесинов Бақытжан Жамбырбайұлын ресми түрде таныстырып, Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді. Сонымен қатар мешітке Бас мүфтидің атынан арнайы сыйлық табысталды.
Мешіт құрылысына демеушілік жасап, бастан аяқ ашылғанға дейін атсалысқан барша азаматқа алғыс айтып, солардың ішінде арнайы Алманиязов Бердібек Александровичке Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиевтің атынан алғыс хат табысталып, жамағат ризашылығы білдірілді.
Салтанатты шарада Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кереймағамбетов Нұрлыбек Құтжанұлы және Қобда аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Облыстан келген наиб имамы Нұрбол Берікболұлы жұма уағызын айтып, жамағатпен бірге жұма намазын өткізді.
Шара мешіттің қызметтік үйінде ұйымдастырылған ас берумен жалғасты. Дастархан басында облыстық мешіттің наиб имамы, Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кереймағамбетов Нұрлыбек Құтжанұлы, ауыл ақсақалы Демисинов Табынбай және өзге де азаматтар ізгі тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.
Жарық ауылында бой көтерген жаңа мешіт – ел бірлігі мен ынтымағының, имандылық пен руханияттың айқын көрінісі. Алла Тағала осы құтты рухани орданы ауыл тұрғындарына береке мен бірлік мекеніне айналдырғай.


































































