ҚМДБ УАҒЫЗШЫЛАРЫ ҚАЖЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТІН БАСТАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуімен биыл 14 қажылық фирмасына 14 уағызшы имам-ұстаздар бөлінген болатын. Имам-ұстаздардың басым бөлігі Мекке мен Мәдина қалаларына жетіп, қызметіне кірісті.
Осы уақытқа дейін «Атлас Туризм», «Qazaq Travel», «Tawaf Travel», «Robinzon kz», «Қызмет Саяхат» фирмалары арқылы Мекке және Мәдина қалаларына келген қажыларға түрлі тақырыпта уағыз-насихат жүргізілді.
Олжас Бейсенәли «Пайғамбарымызға сәлем берудің әдебі», «Рауда-мутаһһараның қасиеті», «Зулхижжа айындағы ізгі амалдардың сауабы»; Бауыржан Әбдуәли «Пайғамбарымызға махаббат», «Рауда-мутаһһарада намаз оқудың артықшылығы», Асқар Мұқанов «Ихрамның үкімдері», «Тәлбие және миқаттың шарттары», «Қажылықтың парыздары мен әдептері», Нұралы Бақытұлы «Қажылықтың рухани пайдасы», сондай-ақ ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «Құлшылықтағы ниеттің орны» тақырыптарында уағыз-насихат айтты. Жалпы алғанда 10 тақырып қамтылып, 1360 адамға уағыз айтылды.
Осылайша имам-ұстаздарымыз қасиетті мекендерге қажылық парызын өтеуге келген қажылардың құлшылық амалдарын рухани жол көрсетіп, шариғат талабына сай орындауға септігін тигізіп келеді.