«Адал ас – шариғат талабы» атты семинар ұйымдастырылды
«Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінде әйел жамағатына арналған «Адал ас – шариғат талабы» атты семинар ұйымдастырылды.
Шараны Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли ашып, адал ризықтың мұсылман өміріндегі маңызына тоқталып, қоғамның түзелуі әрбір отбасының адалдығынан басталатындығын айтты.
Семинарды ҚМДБ «Халал Даму» орталығының өңірдегі технологы Ақмаржан Ержанқызы жүргізді.
Игі шарада адал астың шариғаттағы орны, халал мен харам ұғымдарының айырмашылығы, тағам өнімдерін таңдауда мұсылманның жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар қазіргі таңда дүкен сөрелеріндегі өнімдердің құрамына мән беру, халал сертификатына назар аудару, күмәнді тағамдардан сақтану мәселелері қозғалды.
Семинар барысында адал ризықтың адамның рухани өміріне әсері, дұғаның қабыл болуына ықпалы және отбасы берекесіне тигізер пайдасы да айтылып, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Шараға Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстаздары мен 100-ге жуық әйел жамағаты қатысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі












































