«Дін және дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Төмір ауданына іссапармен барды
ҚМДБ «Дін және дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдаұлы Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиевпен бірге Ақтөбе облысы Төмір ауданына жұмыс сапарымен барды.
Іссапар аясында Ерболат Жүсіпов пен облыстың бас имамы Амантай Әбілдаұлы аудан әкімі Алмас Жақсылықұлымен арнайы кездесіп, өңірдегі діни ахуал, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі Ислам мен ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын дәріптеу бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Кездесу барысында алдағы уақытта бірлесіп атқарылатын рухани жобалар мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамалар талқыланды.
Сапар барысында делегация Төмір ауданында бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылыс алаңына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты азаматтармен пікірлесіп, Алла үйінің сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуінің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар қазақ даласына Ислам дінінің кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті дін қайраткері Досжан ишан Қашақұлының кесенесіне зиярат жасап, баба рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
Жұмыс сапары барысында өңірдегі рухани жұмыстардың барысы сараланып, ҚМДБ мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 


















































