Ақтөбе: Облыстық мешітте ерекше жандарға ауызашар берілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің Рамазан айындағы жоспарына сәйкес, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі, облыстық мешіттің наиб имамы Алмат Әлидің ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы «ауызашар берілді.
Сауабы мол игі басқосуда салт-дәстүрді жаңғыртып,
өңірдегі өнерпаздар жарапазан жырын айтып, термелер орындап, ерекше жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Алла Тағала дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық берсін. Мұсылманның міндеті – әркез бауырына қамқорлық таныту, мейірбан болу. Рамазан айында момын мұсылман ораза ұстап қана қоймай, қолынан келгенше жақсылықты көбейтетін, адамдарға көмек көрсетіп, ағайынның қамын ойлауы – айырықша сауапты жұмыс» деп «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты өкілі қасиетті айдың қадір қасиеті мен ұлылығына тоқталып, бұл айдағы дұға-тілектеріміз қабыл болып, елімізге тыныштық, халқымызға амандық болуын тіледі. Сонымен қатар арнайы ауызашарға шақырылған қонақтарды
сынаққа мойымауға шақырды.
Кеш соңында ерекше жандардың ата-аналары, қалалық мүмкіндігі шектеулі жандар орталықтарының басшылары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, аталған ауызашарға 250 адамға қатысты. Оның 120-сы мүмкіндігі шектеулі жандар.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі