12 Шәууәл
Амантай Садиев:  Ата-бабаларымыз қара жамылмаған 4330

Амантай Садиев: Ата-бабаларымыз қара жамылмаған

15 наурыз 2025 237 Оқу 1 минут

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дін төңірегіндегі мәселелерді тілге тиек етті. Бұл жерде екі мәселе қозғалып тұр.Оның бірі — теріс бағыттағы діни идеология болса, екіншісі — қара жамылған қыз-келіншектерге байланысты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қозғаған осы екі мәселесіне толықтай қосыламын. Ата-бабаларымыз қара жамылмаған. Өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сай және шариғат шеңберінен алшақтамаған киім киюді дұрыс деп санаймын.

Яғни, кимешек, шәлі секілді ашық түсті, ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдерімізді киюді қашан да жамағат арасында дәріптеп келеміз. Өткізілетін шараларда да дін мен дәстүр сабақтастығы аясында өтіп, жастардың ұлттық құндылығының дәнегі төл тарихымызда екендігі айтылып жүр.

Қазақ Ислам дінін араб болу үшін емес, мұсылман болу үшін қабылдаған. Сол секілді Еуропа, Азия, Африка құрлықтарында Ислам діні бір болғанымен төрт мектепті меңзейтін жолдарды ұстанып келеді. Ал қазақ даласы салт-дәстүрмен сіңіп кеткен Имам Ағзам Әбу Ханифа мектебімен қалыптасқан жолды ұстануды дұрыс деп білемін.

Сондықтан қазақ даласының көшін бастаған Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін қабылдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға бір Алламыз жар болғай!

Амантай Садиев 

Ақтөбе облысының Бас имамы