Бас мүфти: Жас мамандарды ауылға қызметке тартудың кешенді бағдарламасы әзірленеді 1265

Бас мүфти: Жас мамандарды ауылға қызметке тартудың кешенді бағдарламасы әзірленеді

31 қаңтар 2022 121 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауыл, елдімекендерге жас, білімді мамандарды тарту қажеттігі жайлы баяндады.

«Діни қызмет – бәрімізге аманат. Осы орайды Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбековке медресе-колледждерге арналған бірыңғай бағдарлама әзірлеуді, «Үздіксіз білім беру концепциясы» құжатын жетілдіруді, «Жас маман, ауылға қадам бас маман» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын.

Жас мамандарды ауылға діни қызметке тартудың кешенді бағдарламасы әзірленсін. Өйткені, оқуды бітірген жастар ірі қалаларда қызметте қалуға тырысады және осы ойын жүзеге асыру үшін барын салады. Оларды сатылап қызметке тағайындау қажет.

Сондықтан осы сәттен бастап 3 жылға дейін республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарына жас мамандарды қызметке қабылдауға шектеу енгізілсін. Осыған байланысты арнайы бұйрық әзірлеуді Кадр бөліміне, бақылау-қадағалау жұмысын Аппарат басшысына тапсырамын. Бас имамдарға айтарым – осы шектеу қызмет барысында қатаң қаперге алынсын» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.