Ақтөбе: Облыстық мешітке «Қазақтың шаңырағы» стилінде аспалы шам ілінді
ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен қасиетті Рамазан айының құрметіне орай алғашқы тарауық намазында Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне 17 жылдан кейін аспалы шам ауыстырылып, қазақи нақышта «Қазақтың шаңырағы» бейнесінде аспалы шам ілінді.
Еліміздегі мешіттердің ішінде ең алғашқы қазақы нақыштағы аспалы шам. Ерекше дизайнды Түркия елінің мамандары арнайы тапсырыспен 1 айда жасады. Диаметрі 8 метр. Салмағы 350 келі.
Қазақи нақыштағы аспалы шамға 10 миллион теңге қаражат жұмсалды. Игі іске жергілікті жаны жомарт дәулетті кәсіпкерлер демеушілік жасады.
Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деп мұсылманды ізгі істер жолында мал жұмсауға құлшындырған. Өмірін, тіршілігін, құлшылығын, мал-мүлкін жақсылыққа арнаған адам ешқашан молшылық пен берекеден кенде болмайды.
Алғашқы тарауих намазына жиналған ақтөбелік жамағат нұрланған мешітте иық тіресіп намаз оқыды. Ақсақалдар мен мұсылман жамағаты Алланың үйі мешітті жарқыратып, мұсылмандардың маңдайы сәждеге тиетін орынға нұр шашқан аспалы шамның ілінуіне демеуші болған барша жомарт азаматтарға тілегін айтты. Артынша «Қазақтың шаңырағы шайқалмасын, қазақтың шамшырағы сөнбесін» деп ақсақалдар батасын берді.
Барша атсалысқан дін жанашырлары мен демеушілерге Алла разы болып, жәннаттан үй тұрғызсын деп тілейміз!
Айта кетсек, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет 2025 жылды «Ислам және отбасы» құндылығы деп бекітіп, осы жыл аясында барлық мешіттерді қазақы үлгіге сай жабдықтауды тапсырған болатын. Осыған орай Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев шұғыл әрекетке көшіп, жергілікті жамағат пен белді кәсіпкерлердің басын қосып, 2025 жылдың шілде айында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің кілемі қазақы үлгіде жаңартылды.
Бір мезетте 4 000 адам құлшылық ететін мешітте 2211 шаршы метр жеріне құны 60 миллион теңге тұратын су жаңа кілем төселді. Бұл кілем мешіт ашылғаннан 17 жыл өткен соң ауыстырылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




































































