Ақтөбе: Облыстың Бас имамы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті 2301

Ақтөбе: Облыстың Бас имамы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті

17 наурыз 2024 884 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының жылдық жоспарына сәйкес, Ақтөбе облысы өкілдігінде Ақтөбе "қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйі" ММ-де облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу ұйымдастырылды. 

Аталған шара барысында облыстың Бас имамы: "Асыл дініміз Ислам мұсылмандардың өзара туыс екендіктерін айтып, олардың арасына белгілі бір ақы бекітті. Мұсылмандар өзара қарым-қатынаста осы ақыға мән беру арқылы олардың арасындағы бауырмалдық пен бірлік одан әрі артып, сүйіспеншіліктері де нығайы түседі. Қандай да бір мұсылман науқастанып қалса, өзге мұсылмандар оған барып, қал-жағдайын сұрау керек. Ауырып жатқан адамның қал-жағдайын сұрау оның көңілінің көтеріліп, дертінің жеңілдеуіне, сырқатын ұмытуына себепші болады. Өзін уайымдап, ойлап жүретін адамдардың бар екеніне көзі жетіп, қуаттана түседі",  -дей келе ауырып жатқан жандарға шипа тіледі. Сонымен қатар Серікжан Еншібайұлы кездесу барысында 15 отбасыға 500 кг  азық-түлік қоржын үлестірді. 

Ал зағип жандар орталығындағы ақсақалдар ұйымдастырушыларға ақ баталарын беріп, аталған орталықта тәрбиеленіп жатқан мектеп оқушылары мен өнерпаздар қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, ән айтып, күй тартып өнерлерін көрсетті. 

Шара қортындысында мекеме басшысы имамдарға алғысын білдірді. 

Одан өзге сауапқа толы қайырымдылық шарасы облыстық мешіттен өзге өкілдікке қарасты Шалқар, Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау аудандарында жалғасын тауып, мүмкіндігі шектеулі 8 отбасыға азық-түлік және қаржылай көмек берілді. 

Айта кетсек, Халықаралық мүгедектер күніне орай облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың асыраушылары мен дәрігерлерге, қамқорлық танытып жүрген азаматтар үшін арнайы дұға жасады.


Ақтөбе облыстық орталық

 "Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі