Ақтөбе мешіттерінде үй құстарын механикалық құрылғылармен сою мәселесі түсіндірілді
Ақтөбе облысына қарасты мешіттерде кезекті пәтуа сағаты ұйымдастырылды. Бұл жолғы діни түсіндіру жұмыстары қазіргі таңда құс фабрикаларында кеңінен қолданылатын механикалық құрылғылар арқылы үй құстарын сою мәселесіне арналды.
Пәтуа сағаты барысында «Үй құстарын механикалық құрылғылармен сою үкімі» тақырыбы кеңінен қозғалып, заманауи өндіріс орындарында қолданылатын автоматтандырылған сою жүйелерінің шариғат талаптарына сәйкестігі түсіндірілді.
Атап айтқанда, құстарды механикалық жолмен сою кезінде ескерілуі тиіс діни шарттар, бауыздау тәртібі және халал талаптарының сақталуы жөнінде жан-жақты мәлімет берілді.
Сонымен қатар қатысушыларға аталған мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы түсіндіріліп, көкейдегі сауалдарына жауап берілді.
Мұндай пәтуа сағаттарының мақсаты – заманауи өмірде туындаған діни мәселелерді шариғат негізінде түсіндіру, халықтың діни сауаттылығын арттыру және халал талаптарын насихаттау.






































