«Жасанды түсік жасатудың үкімі» тақырыбында пәтуа сағаты өтті
Ақтөбе облысына қарасты мешіттерде кезекті пәтуа сағаты ұйымдастырылды. Бұл жолғы діни түсіндіру жұмыстары қоғамда өзекті мәселелердің бірі саналатын «Жасанды түсік жасатудың үкімі» тақырыбына арналды.
Пәтуа сағаты барысында ислам шариғаты бойынша жүктілікті жасанды жолмен тоқтатудың үкімі жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, қандай жағдайларда және жүктіліктің қай кезеңінде түсік жасатуға рұқсат етілетіні, ал қандай жағдайда оған тыйым салынатыны баяндалды.
Сонымен қатар адам өмірінің қадір-қасиеті, ұрпақ амандығы мен денсаулықты сақтау мәселелеріне тоқталып, бұл мәселеде шариғат талаптарын басшылыққа алудың маңыздылығы айтылды.
Жиын соңында жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, тақырып аясында тиісті діни түсіндірмелер берілді.
Пәтуа сағатының мақсаты – қоғамда кездесетін өзекті діни мәселелер бойынша халыққа дұрыс ақпарат жеткізу, діни сауаттылықты арттыру және шариғи үкімдерді кеңінен түсіндіру.






































