«Ақтөбе» медресе-колледжінде жастармен кездесу өтті
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне ҚМДБ «Жастар» секторының жергілікті жауапты өкілінің ұйымдастыруымен, «Әс-Сәләм» және «Сүлеймен ата» мешіттерінің мұрындық болуымен «Ақтөбе» медресе-колледжінде жастармен кездесу өтті.
Дастархан басында өткен рухани жиынға Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев, оқу орнының директоры Ерік Сұлтанов, медресе шәкірттері және қала, аудан мешіттерінің жастары мен имамдары қатысты.
Кездесу барысында Бас имам және медресе-колледж директоры жастарға жастық шақтың қадірі мен уақытты тиімді пайдалану, білім алудың маңыздылығы және ізденістің адам өміріндегі орны жөнінде насихат айтты. Ол жастық кезеңді рухани тұрғыдан кемелденуге, пайдалы білім игеруге және қоғамға қызмет етуге бағыттау қажеттігін атап өтті.
Жиында жастардың діни сауатын арттыру мақсатында викториналық форматта сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Қатысушыларға түрлі діни сұрақтар қойылып, белсенділік танытқан жастарға арнайы сыйлықтар мен діни кітаптар үлестірілді.
Сонымен қатар, «Дәстүр және отбасы» бөлімінің облыстағы жауапты маманы Мәди Орынбаев пен «Жастар» секторының жауапты маманы Аслан Қорғанов сөз сөйлеп, жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы жауапкершілігі, салт-дәстүрді құрметтеу және имандылықты берік ұстану жөнінде насихат айтты.
Басқосу соңында жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, дін мен дәстүр, білім алу және жастардың қоғамдағы жауапкершілігі төңірегінде пікір алмасты. Рухани мазмұндағы мұндай кездесулер жастардың діни сауатын арттырып, ізгілік пен білімге ұмтылуына ықпал ететіні сөзсіз.






















































