ҚАЛЫҢМАЛ ЖАЙЫНДА ДІНІМІЗ НЕ ДЕЙДІ? атты пәтуа сағаты өтті
Ақтөбе облысына қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінде жұма уағызынан соң мешітке келген жамағаттың діни сұрақтарына жауап беріліп, дәстүрлі түрде «Пәтуа сағаты» өткізілді.
Кездесу барысында жамағат тарапынан құлшылық, отбасы, неке, сауда-саттық және күнделікті өмірге қатысты түрлі сауалдар қойылды. Солардың қатарында «Қалыңмал жайында дініміз не дейді?», «Қалыңмалдың мөлшері белгіленген бе?», «Қалыңмалды кім береді және ол кімнің ақысы?» деген секілді отбасылық мәселелер де қозғалды.
Имамдар қалыңмалдың қазақ халқының дәстүрінде де өзіндік орны бар екенін атап өтіп, оның шариғаттағы мәһр ұғымымен бірдей емес екенін түсіндірді. Исламда некелесу кезінде қалыңдыққа берілетін мәһр – әйелдің жеке ақысы. Ол күйеу тарапынан беріледі және әйелдің өз меншігі болып саналады.
Ал қалыңмал мәселесінде шариғат нақты бір мөлшер бекітпейді. Сондықтан оның көлемі екі жақтың өзара келісімімен, отбасының жағдайы мен жергілікті салт-дәстүр ескеріле отырып белгіленуі мүмкін. Бұл ретте қалыңдықтың немесе күйеу жігіттің отбасына шамадан тыс ауыртпалық түсірмеу, ысырапқа жол бермеу және екі тараптың разылығын сақтау маңызды.
Дін мамандары отбасын құрудағы басты мақсат дүние-мүлікке немесе материалдық талаптарға емес, өзара түсіністікке, жауапкершілікке, сыйластық пен берекеге негізделуі керектігін жеткізді.
«Пәтуа сағаты» барысында қойылған сауалдарға ҚМДБ-ның шариғат талаптары мен Ханафи мәзһабы негізінде жауаптар беріліп, жамағатқа отбасы құндылықтарын сақтаудың маңызы түсіндірілді.
Осындай кездесулер мешіт жамағатына діни мәселелерді дұрыс түсінуге, күнделікті өмірде кездесетін сауалдарға шариғат тұрғысынан жауап алуға мүмкіндік береді.




































