РАНТ мүшесі Хромтауда Жұма уағызын жүргізді
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде РАНТ мүшесі Жандос Орынбайұлы «ТАЗАЛЫҚ – ИМАННАН, ТАЗА ҚОҒАМ – МҰСЫЛМАНДЫҚТАН» тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
«Ислам діні – адамзат баласын кемелдікке жетелейтін, оның рухани әрі материалдық өмірін үйлесімді түрде реттейтін ұлы тәрбие мектебі. Діннің негізгі мақсаттарының бірі – адамды сыртқы және ішкі тазалыққа тәрбиелеу. Шариғатта тазалық ұғымы кең мағынада қарастырылады. Ол тек дене мен киімнің тазалығын ғана емес, жүректің, ниеттің, ойдың, сөздің және амалдың тазалығын қамтиды. Яғни, мұсылман адам дәрет алып, тәнін таза ұстаумен қатар, жүрегін күнәдан, көреалмаушылықтан, тәкаппарлықтан, риядан және басқа да рухани дерттерден тазартуы тиіс», – деген Жандос Орынбайұлы «Онда тап-таза болуды сүйетін кісілер бар. Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді», – деген («Тәубе» сүресі, 108-аят) Құран аятын мысалға келтірді. Уағыз барысында хромтаулық жамағатқа жан тазалығы, тән тазалығы, құлшылықтағы тазалық, қоршаған ортаның тазалығы кеңінен әңгімелеп: «Тазалық – адамның әдебі, мәдениеті, рухани кемелдігінің көрсеткіші. Сондықтан да мұсылман адам ішкі жан-дүниесін, тәнін, киімін, жейтін асы мен қоршаған ортасын таза ұстауға аса мән беруі қажет»,– деп атап өтті.
Уағыз соңында жамағатпен бірге ел мен жердің тыныштығы үшін дұға жасалды.










































