Ақтөбе: Әйел жамағатына дәстүр сабақтастығында ауызашар берілді
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Рамазан айына бекіткен жоспарына сай Жыл басы күн мен түннің теңелген күні, жаңару мен жасарудың, береке-бірліктің мейрамы, мұсылман қазақ ұлтының рухани құндылыққа толы әз Наурыз мерекесіне орай Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде әйел жамағатына ауызашар дастарханы жайылды.
Мерекелі дастарханның басты мәзірі жеті дәмнен «Наурыз көже» әзірлеген, аспазшылар мен «Әжелер мектебінің» ақ жаулықты аналары жамағатқа жарыса дәм татқызып жатты.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен үндес тапқан қазақ халқының бойындағы қонақжайлық қасиетті паш етіп, бірі сүр ет пен қазы қосқан көже, бірі жаңа бұзаулаған сиырдың тары қосқан уыз көжесін, тағы бірі мейіз қосқан тәтті көже ұсынған әжелеріміз, асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын көрсетті.
Халқымыз ғасырлар бойы тойлап келе жатқан «Наурыз» мерекесінің, туыстардың арасындағы қарым-қатынастар беки түсетін, адамдарды жарастырып, Аллаға шүкірлік айтатын мереке екенін баса айтқан сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, «Ақ мол болсын!», «Жаратушымыз жарылқасын!» деп, ізгі тілегін білдірді.
«Бақытжан» мешітінің ұстаздары Ақтолқын Тажикова Анар Қойшығұлова мен Рамазан айымен тұтпа тұс келген «Наурыз» мерекесімен құттықтап, Рамазан айының қадір қасиеті, мың айданда қайырлы Қадыр түні туралы тақырыптарды кеңінен түсіндіріп насихат айтты.
Шара соңында ақ жаулықты әжелер батасын беріп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп тілек білдірген жамағат разы болған күйде тарауық намазында сап түзеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі