Ақтөбе имамдары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты
Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл маңызды жобаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіндегі имамдар мен дін қызметкерлері қатысты.
Экологиялық шараның негізгі мақсаты — халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына аудару, тазалықты сақтау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл жоба — жай ғана қысқа мерзімді науқан емес, елдің өркениетті болашағына бағытталған жүйелі жұмыс.
«Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. «Таза Қазақстан» — жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл — жай ғана ұран емес, бұл — шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз», — деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңірдің дін өкілдері шариғаттағы «Тазалық — иманның бір бөлігі» деген хадисті басшылыққа ала отырып, мұндай маңызды іс-шаралардың алдыңғы қатарынан табылды. Имамдар қоршаған ортаны таза ұстау арқылы қоғамға үлгі болудың маңыздылығын атап өтті. Тазалық шарасы имандылық пен жауапкершіліктің көрінісі екенін айтып, жұртшылықты үлес қосуға шақырды. Сенбілік барысында мешіт аумақтары мен бекітілген қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, абаттандырылды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


















































