Әйел-қыздар секторы Ырғызға «қайырымдылық керуенмен» сапар шекті 3361

Әйел-қыздар секторы Ырғызға «қайырымдылық керуенмен» сапар шекті

22 сәуір 2024 2946 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласынан 430 км қашықтықта орналасқан Ырғыз ауданы Нұра ауылының 30дан астам үйін су басып, қауіп төнген Тәуіп, Мамыр, Белшер, Жайсаңбай ауылдарының тұрғындары аудан орталығына эвакуцияланған.

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының қолдауымен «әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Ырғыз ауданына «қайырымдылық керуенімен» сапар шекті.

12 көлікке тиелген «Қайырымдылық керуені», «Alphard Club AQTOBE 04» клубы азаматтарының атсалысуымен, еш қиындықсыз діттеген жеріне жетті.

Аудан орталығында Алтынсарин атындағы мектеп, №1-ші, №2-ші мектептер және мектеп-гимназияда орналасқан судан зардап шеккен 300-ден астам ауыл тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық қажетті заттар, жалпы саны 2 тоннаға жуық эат жеткізілді.

Сонымен қатар, «Нұр Ғасыр» мешітінде жұма күндері су апатынан зардап шеккен отбасыларға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Содан түскен қаражатқа Ырғыз мектептерінде орналасқан аналар мен балаларға көңіл-күйлерін көтеру мақсатында дастархан жайып, балаларға сыйлықтар таратылды

Дастархан басында, сектор жетекшісі аналардың хал-ахауалдарынан хабардар болып, сабырға шақырып, насихат айтты. Мешіт жамағаты әлі де көмек қолын созуға дайын екенін және әрдайым дұғада екенін жеткізді. Үлкендер разылығын білдіріп, батасын берді.

Ел-жұрттың қамы үшін аянбай тер төгіп, тегін қызмет көрсеткен «Alphard Club AQTOBE 04» азаматтарына алғысмыз жексіз, Жаратқан Иеміз кәсіптеріне берекет берсін!