Ақтөбе: Имамдар мен жамағат бір мезетте Пайғамбарға мәуліт жырын жолдады (ФОТО)
Қасиетті Мәуліт айының құрметіне орай ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен жамағаты қасиетті жұма күні жұма намаздан кейін әлемге рақым етіп жіберілген адамзаттың асылы Алла елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар жолдап, мәуліт жырын оқыды.
«Ахзаб» сүресі, 56-аят: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар!»,-дегенді қағида ретінде алды имамдар.
Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.
Екі дүние сардарының әрбір әрекеті мен сөзінен рухани нәр алып, пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігі де көркем түрде жеткізілді.
Мәуліт жырынан соң қасиетті Құран аяттары оқылып, ардақты Алла Елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын), Оның отбасына және барша марқұмдарға сауабы бағышталды. Елдің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы үшін дұға жасалды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі