Ақтөбе: Бас мүфти республикалық XV Құран жарысын ұйымдастырушыларға алғыс білдірді
Ақтөбе қаласында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен XV республикалық Құран байқауының қорытынды кешінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құран жарысын ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Қадірлі ағайын!
Осы екі күнде Ақтөбе төрінде Құранның қасиетті үні естілді. Бұл қасиетті үн біздің рухани тамырымыздың терең екенін көрсетті. Бұл қасиетті үн еліміздің ертеңіне деген сенімімізді арттырды. Құран оқылған жерде жүрек жұмсарады. Құран үйретілген жерде тәрбие орнығады. Құран жатталған жерде рухани сабақтастық жалғасады. Сондықтан осындай игі шаралар еліміздің әр өңірінде жалғасын таба береді!
Бұл ретте осымен он бесінші рет өткен Құран байқауын ұйымдастырушы мүфтият қызметкерлеріне, Ақтөбе облысының имамдарын мен дін қызметкерлеріне, игі істің ұйымдастыру жүмысына атсалысқан әр жанға, әділ бағасын берген әділқазы мүшелеріне шынайы ниетпен ризашылығымды білдіремін.
Сауапты іс-шараның бас демеушісі, асыл дініміздің жанашыры Аблазимов Бахаридин Нұғманұлы ағамызға тағы да айрықша алғысымызды білдіреміз. Алла разы болсын! Қасиетті Құранның шарапаты баршамызға жаусын!
Алла Тағала елімізге амандық, халқымызға бірлік, отбасыларымызға береке, жастарымызға иман мен білім нәсіп етсін! Қасиетті Құран халқымыздың жүрегінен мәңгі орын алып, жас қариларымыздың қатары көбейсін! Әумин!» - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі















































