Шалқар ауданына Ақтөбе облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты маманы арнайы іссапармен келді. 6674

Шалқар ауданына Ақтөбе облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты маманы арнайы іссапармен келді.

18 қыркүйек 2026 6 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласы «Бақытжан» мешітінің бас имамы, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты маманы Еламан Кәрім Шалқар ауданына 1 күндік іссапармен келді.

Ең алдымен Шалқар ауданының имам-ұстаздарына арналған жиын өтті. Жиында Еламан Кәрім «Дәстүрдің діндегі рөлі» тақырыбында насихат айтып, «Дін мен дәстүр» кітаптарын таныстырды. Сонымен қатар жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызына тоқталып, дін мен дәстүр сабақтастығын жамағат арасында кеңінен түсіндіру қажеттігін жеткізді. Одан өзге Шалқар  ауданының бас имамы Абзал Медетбеков аталған бағыт бойынша жыл басынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Одан кейін Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің жанындағы Шалқар қайырымдылық мекемесінде Отбасы күніне орай «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» атты рухани-тағылымдық семинар ұйымдастырылды. Семинарда «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты маманы Еламан Кәрім Исламдағы отбасы институты, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі, бала тәрбиесі және халқымыздың салт-дәстүрі мен Ислам құндылықтарының байланысын кеңінен түсіндіріп өтті. 

Ал, құптан намазынан кейін Ақтөбе қаласы «Бақытжан» мешітінің Бас имамы Еламан Кәрім Шалқар қаласы «Тәубе» мешітінің жамағатымен жүздесіп, Имам Ғазалидің «Мұсылмандық жайында өсиеті» тақырыбында насихат айтып, мұсылманның рухани тәрбиесі мен көркем мінезінің маңызын баяндады.

Айта кетейік, 1 күндік іссапар қорытындысы бойынша 3 шара өтіп, оған жалпы 45 адам қатысты.