Ақтөбе: Аудан мешіттерінде тасаттық берілді 658

Ақтөбе: Аудан мешіттерінде тасаттық берілді

10 маусым 2021 193 Оқу 1 минут

Таяуда Ақтөбе өңірінің біршама мешіттері имамдарының ұйымдастыруымен аудан, ауылдарда құрбандық шалынып, тасаттық берілді. Игі шараға мешіт жамағаты, аудан-ауыл тұрғындары атсалысты.

Алға, Шалқар, Ырғыз, Байғанин және Әйтеке би аудандары имамдары жамағаттың басын қосып, мешіт аулалары мен жергілікті жердің табиғат аясында 2 рәкат истисқа намазын оқып, жамағатпен Алладан жаңбыр сұрап жалбарынды. Намаз оқылып, дұға етілгеннен соң құрбандық малдары шалынып, еттері мұқтаждарға садақа ретінде таратылды. Ақ дастархан жайылып, ақсақалдар баталарын берді.

Тасаттыққа жиналған жамағатқа аудан имамдары уағыз айтып, адамзаттың күнәсі себепті Алланың нығметі жоғалып, Жаратқаннан жаза келетіні жайында насихат айтты. Сол себепті Алладан көп кешірім сұрап, күнәдан алыс болуға шақырды.

Облыста соңғы жылдары жаңбыр сирек жауып, құрғақшылық байқалуда. Табиғаттың тосын мінезіне орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен облыстағы барлық мешіттерде тасаттық жасалуда.

Бұл намаз шариғатта бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрғақшылық уақыттарында истисқа намазын оқыған. Ал, кейде жұма намазында мінберде Алладан жаңбыр тілеп, дұға жасаған. Ертеде ата-бабаларымыз мұндай жағдайлардан әртүрлі жолмен сақтануға тырысқан.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі