Ақтөбе облысына Бас имам тағайындалды 659

Ақтөбе облысына Бас имам тағайындалды

11 маусым 2021 733 Оқу 1 минут

Бүгін, қасиетті жұма күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бұйрығымен ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы болып Серікжан Еншібайұлы тағайындалды.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин діни басқармадан арнайы келген бөлім басшысы Н.Есмағанбет пен Төлеби Оспан және Серікжан Еншібайды қабылдады. Нұрбек қажы Әуезханұлы Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, жаңадан тағайындалған Бас имам Серікжан Енжібайды таныстырды. Өз кезегінде облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының Бас имам қызметін атқарған Төлеби Дәділұлына ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.

Бұдан әрі қарай ҚМДБ «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет жұма намазына жиналған жамағатқа Бас мүфтидің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп, жаңадан тағайындалған Бас имамды таныстырды. Сонымен қатар жаңа имамның алдағы уақытта атқарар қызметіне сәттілік тіледі.

Ақтөбелік жамағат бұған дейін ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы қызметін атқарған Төлеби Оспанның иығына шапан жауып, алғыстарын білдірді. «Төлеби Дәділұлы осы жылдар ішінде Ақтөбе облыстық өкілдігінің қызметін жандандырып, облыстағы діни ахуалды жақсартуға күш салды. Діни маман тұрақтандыру, діни кадр даярлау істерін жолға қойды. Имамдар арасында орта және жоғары діни білімділердің саны 70 пайызға дейін көтерілді. Алла разы болсын. Ал, енді жаңадан келіп жатқан Бас имам да өздеріңізге бөтен емес. Ақтөбе облысында 5 жылдай облыстық, қалалық мешіттерде қызмет еткен. Докторант, тәжірбиелі діни маман. Қолдау білдіресіздер деп сенеміз. Алла Тағала екі имамға да жар болғай», - деп тілек білдірді муфтияттан арнайы келген бөлім басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Төлеби Оспан 2021 жылдың 28 мамырынан бастап, Бас мүфтидің бұйрығымен Алматы қаласының Бас имамы қызметіне ауысқан болатын.


Серікжан Еншібайұлы – Ақтөбе облысының Бас имамы.

1982 жылдың 8 қыркүйегінде Монғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген.

Білімі:

- 2000-2004 ж.ж. Халықаралық Қазақ-Араб Университеті. Шымкент қаласы Мамандығы: Дінтанушы және араб тілі пәні мұғалімі (үздік диплом)

- 2004-2007 ж.ж. «Хасеки» Академиясы. Түркия, Кония қаласы;

- 2009-2011 ж.ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Философия және саясаттану факультеті магистратура. Мамандығы: Дінтану магистрі (үздік диплом);

- 2016 қараша. Египет. Каир қаласы. Әл-Азһар университеті. Дар ал-Ифта (Пәтуа бөлімі) 2 айлық білім жетілдіру курсы;

- 2018 жылдан бастап «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетінің докторанты (ІІІ курс, дінтану).

Еңбек жолы:

- 2007-2012 ж.ж. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің референті қызметі;

- 2012-2015 ж.ж. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің найб имамы;

- 2015-2017 ж.ж. Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы;

- 2012-2017 ж.ж. Ақтөбе облыстық Дін істер басқармасы, «Ансар» КММ теологы ретінде (имамдық қызметпен қатар келісім-шарт негізінде) деструктивті діни ағым өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді;

- 2017-2018 ж.ж. Атырау қаласы «әт-Тақуа» мешітінің найб имамы және «Шапағат» орталығының теологы (келісім-шарт негізінде) қызметін атқарды;

- 2018-2021 ж.ж. Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты «Ибраһим» мешітінің Бас имамы;

- 2016 жылдан бастап Республикалық ақпарат наихат тобының (РАНТ) мүшесі.

- 2021 жылдың 11 маусымынан бастап Ақтөбе облысының Бас имамы.

Үйленген, 4 қызы, 1 ұлы бар.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі