Ақтөбе: Тәпсірлер таңдаулысы таныстырылды 657

Ақтөбе: Тәпсірлер таңдаулысы таныстырылды

24 мамыр 2021 250 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде алғашқы толық Құран тәпсірі қазақ-орыс тілдерінде қалың оқырманға жол тартты. Жақында дүниеден өткен марқұм ғалым, имам Мұхаммед Әли ас-Сабунидің «Сафуат әт-Тәфәсир» атты еңбегі «Тәпсірлердің таңдаулысы» деген атпен қазақ-орыс тілдеріне аударылып, «Муфтият» баспасында жарық көрді.

Тұсауы кесілген Құран тәпсірін Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан Ақтөбе жұртшылығына кеңінен таныстырды.

Алдымен қасиетті жұма күні жұма намазы мен құптан намазын оқу үшін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне жиналған жамағатқа таныстырып, құнды ғылыми еңбек авторының өмірбаянын айтып берді. Сонымен қатар Алланың сөздері тәпсірленген аудармадағы кейбір аяттардың тәпсіріне тоқталды.

Кейін Бас имам С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына арнайы барып, «Тәпсірлердің таңдаулысы» атты 4 томдық еңбектің орыс тіліне аударылған нұсқасын және басқа да діни әдебиеттерді кітапхана қорына табыстады. Тәпсір кітабының кітапхана төрінде тұру керектігінің маңыздылығын айтып, еңбектің құндылығын қысқаша баяндап өтті.

Аталмыш еңбек Ақтөбе облысында мешіттер, кітапханалар және әлеуметтік желілер арқылы насихатталуда.

Еске сала кетейік, «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабының қазақ тіліндегі нұсқасын Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің кітапханасына барып оқуға болады. Ал орыс тіліндегі нұсқасын С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына арнайы барып оқуларыңызға болады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі