Ақтөбе: Қаланың Бас имамы құрбандық шалынатын арнайы орындардың дайындық жұмыстарын тексерді
Ақтөбе қаласының Бас имамы, ҚМДБ «Халал Даму» орталығының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әли Құрбан айт қарсаңында қала аумағындағы құрбандық шалынатын арнайы орындарды аралап, дайындық жұмыстарын тексерді.
Қаланың бас имамы алдымен 41-разъезд аумағында орналасқан СПК «Айбек» ет комбинатына барып, мекеме басшылығымен кездесті. Кездесу барысында айт күндері мал сою жұмыстарының талапқа сай ұйымдастырылуы, санитарлық тазалықтың сақталуы және халыққа қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Мал сойылатын орындарда тазалық пен тәртіптің қатаң қадағалануы айтылды.
Сонымен қатар ТОО «Дала елі» ет комбинатында болып, ондағы дайындық жұмыстарымен танысты. Аталған орында құрбандыққа шалынатын мал бағасының тұрақты болуы, қасапхана аумағының тазалығы және халыққа сапалы қызмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мекеме жауаптыларына құрбан шалу рәсімдерінің шариғат талаптарына және санитарлық нормаларға толық сәйкес жүргізілуі жөнінде тапсырмалар берілді.
Алмат Әли биыл орталық мал базарының құрбан айт қарсаңында жабық болуына және құрбандық шалынатын орындардың қысқаруына байланысты қосымша талаптарды ескеру маңызды екенін айтты. Барлық арнайы орындарда шариғат талаптары мен санитарлық қауіпсіздік ережелерінің сақталуы басты назарда болуы керектігін атап өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
















































