Сектор жетекшісі Шалқар ауданына барды 5935

Сектор жетекшісі Шалқар ауданына барды

13 ақпан 2026 19 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Шалқар ауданына арнайы іс сапармен барып, 3 іс-шараға қатысып, әйел жамағаты және мешіт жастарымен кездесті.

Сектор жетекшісі «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша садақ ату және үстел теннисінен спорттық сайысқа қатысып, жарыста төрелік етті.

Кенжегүл Кушкарова мен Ақтөбе облысы бойынша «Халал Даму» мекемесінің технолог маманы Ақмаржан Ержанқызы жарыс қортындысын жариялап, жүлдегерлерді марапаттады.

Іс сапар Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында «Рамазанға дайындық – жүректі тазарту мен ниетті түзеуден басталады» тақырыбындағы рухани шарамен жалғасын тапты.

Игі шара Құран аяттарын оқумен басталып, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбековтің алғы сөзімен жалғасты. Бас имам өз сөзінде әйел жамағатының Исламдағы және қоғамдағы рөліне тоқталып, ауданға арнайы келген қонақтарды жамағатқа таныстырды.

Шара барысында Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова «Рамазан айына рухани дайындық», «Ораза ұстаудың сауабы», «Исламдағы әйел бейнесі» тақырыптарында тағылымды насихат айтып, жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді.

Одан кейін әйел жамағатынан құралған «Жас талантты аналар» тобы Ислам тарихынан тағылымды көрініс ұсынды. Сонымен қатар, жамағат назарына «Рамазанға дайындық» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды.

Шара аясында ұстаз Жұлдыз Тлеубай мен Арай Бақытғалиева жамағатқа «Ораза» тақырыбы бойынша «Сырлы шар», «Ойлан, тап!», «Кім жылдам?» атты танымдық ойындар ұйымдастырып, белсенді қатысқан шәкірттерге арнайы сыйлықтар табыстады. Тахаева Гүлдариға апа бастаған «Ұлағатты әжелер ордасы» ортаға шығып, жастарға тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін айтып, ақ баталарын берді.

Ал ауданның бас имамы арнайы келіп, рухани шараға қатысып, тағылымды насихат айтқан қонақтарға алғыс хат табыстады. Өз кезегінде жамағат та ризашылықтарын жеткізіп, арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.


Одан өзге, «Адал ас – жанға шипа» тақырыбында кәсіпкерлерге арналған семинарда Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Исламдағы халал ұғымының мәні мен оның кәсіпкерлік саласындағы рөліне тоқталды.

Сапар қортындысында Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков сектор жетекшісіне Шалқар қаласында орналасқан мешіттердің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Шалқар ауданына жасаған іс сапары аясында 115 адаммен кездесті.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі