Ақтөбе: Қалалық орталық мешітте жазғы лагерь қортындыланды 2801

Ақтөбе: Қалалық орталық мешітте жазғы лагерь қортындыланды

26 маусым 2023 195 Оқу 1 минут

Ислами тәрбие-ата-бабамыздың бізге салып кеткен сара жолы. Осы жолды бүгінгі бүлдіршіндерге сіңіру біздің басты міндет екенін әр ата-ана білуі қажет. Осыған орай Ақтөбе қалалық орталық мешітінде балаларға арналған жазғы сауат ашу лагері жылдағы дәстүрге сай өтіп, өз мәресіне жетті.

Аталған сауат ашу лагерінің басты мақсаты – жас ұрпақ тәрбиесін асыл дініміздің аясында қолға алып, ата-анасына, қоғамға жанашыр, шынайы иман жүзді мұсылман ретінде қалыптастыру. Өйткені, Жаратушысын танымай өскен ұл-қыздың болашағы берекесіз әрі ондай елдің болашағы баянсыз болмақ.

Екі апта бойы балалар Құран әліппесі, ислам әдебі, құлшылық және Пайғамбар өмірбаяны бойынша дәрістер аясында тәлім алды. Одан өзге, тек имандылық сабақтарын үйреніп қана қоймай, ойын-сауық орталықтарында көңіл-көтеріп, әр күні қызықты тапсырмалар мен ойындар ойнап уақыттарын тамаша өткізді.

Лагерь соңына дейін бар ынталарымен қатысқан барша балаларға Ақтөбе қаласының Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы ыстық лебізін білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Ал сыйлықтар тарту етіп, әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, өз істерін үлкен жауапкершілікпен атқарған ұстаздар қауымына да алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, Ақтөбе қалалық орталық мешітіндегі жазғы сауат ашу курсына 75 бала қатысты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі