Ақтөбе: «Адамзаттың асыл тәжі» атты Мәуліт кеші ұйымдастырылды 2991

Ақтөбе: «Адамзаттың асыл тәжі» атты Мәуліт кеші ұйымдастырылды

12 қазан 2023 174 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Адамзаттың асыл тәжі» атты Мәуліт кеші өтті. 

Кешті мешіт шәкірті Бекзада Әзілбекова «Фәтх» сүресін оқып, жамағаттың салауат айтуымен басталды.

«Әйел қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова жамағатты Мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірінен үлгі етер насихат айтты. Ал сөз кезегінде «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Ақмарал Ерболатова жамағат арасында іс-қимыл арқылы хадистерді жасырған жұмбақ жарыс ұйымдастырып, хадисті дұрыс тапқан жеңімпаздар марапатталды.

Шара аясында қонақтарға дастархан жайылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйіп жеген тағамдары қойылды.

Іс шара барысында ғибратты көріністер қойылып, Мәуліт жыры айтылып, «Kahoot» электрондық қосымшасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірбаянынан сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Одан өзге салауат жарысы ұйымдастырылып, ең көп салауат айтқандарға сыйлық берілді.

Шара соңында мәуліт мерекесінен жақсы әсер алған әжелер батасын беріп, қыз келіншектер алғысын айтты.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі