Ақтөбе: 71 мешіттің ашылуына Бас мүфти қатысты
Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы іс сапармен Ақтөбе облысына келді. Жұмыс сапары барысы Ақтөбе қаласындағы Қурайлы елдімекеніндегі жаңа мешіттің ашылуына қатысты. Аталған мешіт облыс бойынша 71 мешіт.
Құлшылық ордасының ашылуына ҚМДБ төрағасы, мүфттиятағы басшылық құрам, қала тұрғындары, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, РАНТ мүшелері, Әжелер мектебінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері т.б қатысты.
Сонымен қатар облыстың бас қариы, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Бекжан қари Әлденов Құран оқып, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады.
«Кім мешітті құрметтесе, Қиямет күнінде өзі де құрметке бөленеді. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың жер бетіндегі үйлері. Сондықтан да Хақ Тағала Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтейді», – деген болатын. Алла Тағала баршамызды мешітке деген, дінімізге деген құрметі биік жандар қатарына қосқай! Ел игілігіне берілгелі отырған жаңа мешіттің бой көтеруіне атсалысқан барша азматтарға Алла Тағала мол сауабын нәсіп еткей!» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти жамағатқа жаңа мешіттің бас имамы қызметіне Руслан Елемесовтің тағайындалғанын хабарлап, құлшылық үйінің бой көтеруіне атсалысқан Нұрлан Амангелдіұлына алғыс хат табыстады.
Мешіттің ашылуы туралы ҚМДБ төрағасы «Мұнара» арнасына сұхбат берді. Толығырақ мүфтият тынысынан көре аласыздар.
Айта кетейік, жаңа мешіт 600 адамға арналған. Мешіт екі қабаттан тұрады. Мешіт ішінде имамның бөлмесі, әйелдер залы, кітапхана бар. Ал кітапханада мүфтият баспасынан шыққан кітаптар мен төл басылымдар: «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы, көркем әдебиеттер, жыр-дастандар, Абай мен Шәкәрім еңбектері т.б жалпы 234 кітап қорда қамтылған.
Мешіт туралы қысқаша мәлімет
Жер көлемі: 3285 шаршы метр
Жалпы аумағы: 600,32 шаршы метр
Мешіттің сыйымдылығы: 600 адам
Қабат саны: 2 қабат
Құрылысы басталған жыл: 2022 жыл
Ашылған жылы: 2025 жыл
Архитектуралық ерекшеліктері: Мұнаралар саны және биіктігі: 7.5 метрлік 3 мұнара.
Күмбезі: биіктігі 8 метр, 16 м диаметрлі.
Алла Тағала жаңа мешіттің ел ынтымағы мен бірлігіне және діни сауаттылықты арттыруға қызмет етуін нәсіп етсін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі