Насихат керуені Темір ауданында жалғасын тапты
ҚМДБ-ның биылғы негізгі бес жұмыс бағыттарының бірі – жат діни ағымдармен жұмыс. Аталмыш бағыт бойынша ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі нәтижелі де сапалы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Осыған орай, өткен аптада Ақтөбеде іске қосылған «Құндылықтар керуені» жобасы Темір ауданында жалғасын тапты.
Сәуір айының 28 күні мен шілденің 30 күні аралығында жұмыс тобы Темір ауданында жұмыс жасады. Облыс әкімінің бастамасымен іске қосылған жоба аясындағы іс-сапарда Дін істері басқармасы, «Ансар» ақпараттық талдау орталығы және ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің тарапынан бекітілген арнайы мамандар мен имамдар аудан бойынша әртүрлі мекемелер мен қоғамдық орындарда кездесулерге қатысып, халықпен жүздесті.
Имам-ұстаздар кездесулер барысында жат ағымның пайда болу себептерін, сенім мәселесіндегі қателіктері жайлы баяндап, дәстүрлі дінге қайшы тұстарын атап өтті. Ауданға қарасты қала және ауылдық округтерде, мекемелер мен білім беру ұйымдарында, Мәдениет үйі, ауруханалар, мешіттерде кездесулер өткізіліп, семинар және психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары Талғат Аманов, Досбол Аймұрза және наиб имам Мәжит Әбішев деструктивті діни ағымның соңынан кеткен азаматтармен жеке кездесіп, оңалту жұмыстарын жүргізді. Кездесуде Шұбарқұдық, Кенқияқ, Саркөл, Шұбарши секілді елдемекендердің азаматтары қамтылды. Жалпы, Темір ауданындағы 3 күннің қорытындысы бойынша 30-дан астам шара ұйымдастырылып, мыңдаған адам қамтылды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі