Қарғалы: «Ас-Самиғ» мешіті ашылды 3532

Қарғалы: «Ас-Самиғ» мешіті ашылды

31 тамыз 2024 699 Оқу 1 минут

Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданында 400 адамға жуық сыйымдылықты қамтыған аудандық «Ас-Самиғ» мешіті ашылды.

Мешіттің ашылу рәсіміне Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли, Қарғалы ауданының бас имамы Қырықбаев Нұрлан, аудан әкімі Нұрлыбек Амандоллаұлы, мешіт салуға атсалысқан демеушілер мен ақсақалдар, және ауыл тұрғындары т.б қатысты.

Салтанатты шара ауданның бас имамының Құран оқуымен бастап, мешіт ақсақалы Мырзабек қажы Құрақбайұлы батасын беруімен жалғасын тапты.

Рухани орданың ашылуына арнайы облыстан келген наиб имам Алмат Әли облыстың Бас имамы Амантай Садиевтің құттықтауын білдіріп, демеушілік танытқан ізгі жандарға облыстың бас имамы атынан алғыс хат табыстады.

Сонымен қатар көпшіліктің қуанышымен бөлісуге келген аудан әкімі демеушілерге ризашылығын жеткізді.

Айта кетсек, мешітің ашылу лентасын облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Амангелдіұлы мен Мырзабек қажы Құрақбайұлы қиды.

Бұрынғы Қарғалы орталық мешіті жаңа ғимаратқа ауысып, «Ас-Самиғ» аты берілді.

Ашылу рәсімінен кейін наиб имам Алмат Әли жаңа мешітте жұма уағызын айтып, алғашқы жұма намазын жамағатпен бірге оқыды. Намаздан кейін Қарғалы жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі.

Игі шара жұма намазына келген жамағат пен қонақтарға арнайы құрылған киіз үй ішінде ақ дастарханмен жалғасын тапты.

Мешіт құрылысы 2023 жылдың мамыр айынан бастау алып араға 1 жыл 3 ай салып, жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 350-400 адамға арналған екі қабатты имандылық үйі сәтті аяқталды. Бірінші қабатта негізгі үлкен залы, Құран оқу бөлмесі, имамдар бөлмесі, жылыту бөлмесі, ерлер/әйелдер дәретханасы қарастырылған. Екінші қабатта әйелдер залы мен оқу бөлмелері бар.

Мешіт көлемі 500 шаршы, мұнарасы 17шаршы, күмбезі 6 шаршы метрді құрайды. Жалпы аумағы - 649га.

Мешіт айналасы толығымен қоршалып, көшеттер отырғызылған. Жалпы мешіт құрылысына 100 млн-нан астам қаржы жұмсалған.

Жаңа мешіт халыққа игілік сыйлаған, тазалық пен туралыққа шақырған,тақуалардың мекені болуды Алла Тағала жазсын!

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі