«Тайқазан»: 20 отбасының қуанышы
Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің бастамасымен, ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының «Тайқазан» жобасы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қайырымдылық шарасы өтті. Игі іс барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 20 отбасыға азық-түлік қоржындары табысталды.
Шараның басты мақсаты – мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамда өзара жанашырлық пен қайырымдылық құндылықтарын кеңінен насихаттау. Кездесу барысында мешіт қызметкерлері жамағатқа мұқтажға қол ұшын созудың маңыздылығы мен сауабы жайында насихат айтты.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсылық пен тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір мұсылманның дүниедегі бір қиыншылығын жеңілдетсе, Алла оның Қиямет күніндегі бір қиыншылығын жеңілдетеді» (Мүслим) деген хадисі қайырымдылықтың мұсылман өміріндегі орнын айқын көрсетеді.
Игі шара аясында мешіттің әлеуметтік тізімінде тұрған 20 отбасына жалпы салмағы жарты тоннадан астам күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері жеткізілді.
Айта кетейік, тұрғындарды қолдауға бағытталған «Тайқазан» жобасы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі






































