Ақтөбе: Республика күніне орай 140 түп тал отырғызылды 2199

Ақтөбе: Республика күніне орай 140 түп тал отырғызылды

22 қазан 2022 120 Оқу 1 минут

Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңбырлы күні 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті, облыстық дін істері басқармасы, «Жарық» қоғамдық бірлестігі, облыс әкімінің кеңесшісі Сәния Мұсақызы, «Аңсар» ақпараттық-талдау және «Ихсан» кеңес беру-оңалту орталықтары, діни бірлестіктер басшыларының қатысуларымен «Нұр Ғасыр» мешітінің аумағында 140 түп (шырша, арша, күл, алма т.б) ағаш отырғызылды.

Аталған игі бастама барысында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен Орыс Православ шіркеуінің батюшкасы Мешков Сергей шырша талын екті.

«Бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп текке айтпаған. Жақсылап баптасаң, жүз жылдап, бірнеше ғасырға дейін жайқалып тұра беретін алып ағаштың пайдасы қоғам үшін ұшан-теңіз. Бүгінге шара түсіне білген жан үшін сауабы үзілмейтін мол істің бірі. Адамдар үшін ағаш отырғызудың пайдасы қаншалықты екенін екі дүние сардары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінен аңғаруға болады: «Кімде-кім бір тал ексе Алла Тағала міндетті түрде бұл тал жеміс бергенше оған сауап жазады» (Ахмад бин Ханбал). Аса Үстем Алла Тағаланың мейірімі кең ғой. Тағы бір хадис шәріпте: «Кімде-кім бір тал егіп, оның жемісінен адам немесе Алла Тағаланың жаратқандарынан біреу жесе, ақиқатында ол адам үшін бұл бір садақа» (Ахмад бин Ханбал), - делінген. Алла Елшісі (с.ғ.с) үмбетіне тек айтып қана қоймай, өзі де тал отырғызып, күтіп баптаған. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінің соңына дейін қоршаған ортаны аялап, бізге «экология сүннетін» үйретіп кетті. Ағаш отырғызу бір жағынан сүннет болса, екінші жағынан қоршаған ортаға, ертеңгі ұрпағыңа мол пайдасы бар.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Осы науқан кезінде жерлестерімізді тазалық жұмыстарына атсалысуға, аулаларды таза ұстауға және тал егу шарасына қатысуға шақырамын», - деп Серікжан Еншібайұлы қала тұрғындарын тазалық шараларына үлес қосуға үндеді.

Айта кетсек, әр сенбі күні қаламызды көркейту және оның тазалығын сақтау мақсатында тұрақты сенбілік жұмыстары өткізіліп келеді.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі