«Шырайлым» қыз-келіншектер клубы бас қосып, қоғамдық мәселені талқылады
ҚМДБ бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе облысы «Әйел-қыздар» секторына қарасты «Шырайлым» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен әйел жамағаты үшін рухани-танымдық шара өтті. Аталған іс-шара аясында жамағат «Туысқан» кино көрсетілімін тамашалады.
Көрсетілім барысында жамағат фильмнің мазмұнына терең үңіліп, отбасы құндылықтары, туыстық қарым-қатынас, адамгершілік пен жауапкершілік секілді маңызды тақырыптар төңірегінде ой түйді. Шара соңында жамағат арасында фильм желісі бойынша талқы ұйымдастырылып, әр қатысушы өз пікірін білдіріп, тәлімдік мәні жоғары ойларымен бөлісті.
Талқылау барысында сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова ислам дінінде туыстық байланысты сақтау – үлкен сауапты іс екенін атап өтіп, «кімде кім ризық-несібесінің кеңейтіліп, ғұмырының ұзаруын қаласа, туыстық қатынасын үзбесін» деген хадисті тіліне тиек ете келе халқымыздың салт-дәстүрінде де туыстық қатынастағы адалдыққа өте үлкен мән берілгені туралы тарқатып айтты.
Киноталқы барысында фильмнің тәрбиелік маңызы ерекше атап өтіліп, көрермендерге рухани тұрғыдан серпіліс сыйлағаны байқалды. Мұндай игі шаралар әйел жамағатының бірлігін нығайтып, ұлттық әрі діни құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қосады.







































