РАНТ мүшесі бірлікке үндеген тағылымды кездесу өткізді
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде РАНТ мүшесі Жандос Орынбайұлы «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Ту астынан ту тігу – бірлікке сызат» тақырыбында жамағатқа арналған уағыз-насихат өткізді.
Кездесу барысында ұстаз қоғамдағы ауызбіршіліктің маңыздылығына кеңінен тоқталып, дін атын жамылған түрлі ағымдардың зияны туралы нақты мысалдар келтірді. Ол өз сөзінде мұндай теріс пиғылды топтардың ел ішіне іріткі салып, халықтың бірлігіне нұқсан келтіретінін атап өтті. Сондай-ақ ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі дінімізді ұстанудың, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызы ерекше екеніне назар аударды.
Жандос Орынбайұлы жамағатты діни мәселелерде сақ болуға, күмәнді ақпараттарға ермеуге және тек сенімді дереккөздерге жүгінуге шақырды. Сонымен қатар жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтары және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелері де қозғалды.
Шара барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жамағаттың діни сауатын арттыру, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайту екені атап өтілді.








































