Шалқарда «Рамазанға дайындық – жүректі тазарту мен ниетті түзеуден басталады» тақырыбында рухани шара өтті 5877

Шалқарда «Рамазанға дайындық – жүректі тазарту мен ниетті түзеуден басталады» тақырыбында рухани шара өтті

05 ақпан 2026 14 Оқу 1 минут

Шалқар ауданында «Рамазанға дайындық – жүректі тазарту мен ниетті түзеуден басталады» тақырыбында рухани шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова мен ҚМДБ «Халал даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің технолог маманы Ақмаржан Ержанқызы арнайы қатысты.

Игі шара Құран аяттарын оқумен басталып, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбековтің алғы сөзімен жалғасты. Бас имам өз сөзінде әйел жамағатының Исламдағы және қоғамдағы рөліне тоқталып, ауданға арнайы келген қонақтарды жамағатқа таныстырды.

Шара барысында Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова «Рамазан айына рухани дайындық», «Ораза ұстаудың сауабы», «Исламдағы әйел бейнесі» тақырыптарында тағылымды насихат айтып, жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді.

Одан кейін әйел жамағатынан құралған «Жас талантты аналар» тобы Ислам тарихынан тағылымды көрініс ұсынды. Сонымен қатар, жамағат назарына «Рамазанға дайындық» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды.

Шара аясында ұстаздар Жұлдыз Тлеубай мен Арай Бақытғалиева жамағатқа «Ораза» тақырыбы бойынша «Сырлы шар», «Ойлан, тап!», «Кім жылдам?» атты танымдық ойындар ұйымдастырып, белсенді қатысқан шәкірттерге арнайы сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ, Тахаева Гүлдариға апа бастаған «Ұлағатты әжелер ордасы» ортаға шығып, жастарға тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін айтып, жамағатқа ізгі тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.

Шара соңында Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков ауданға арнайы келіп, рухани шараға қатысып, тағылымды насихат айтқан қонақтарға алғысын білдірді. Өз кезегінде жамағат та ризашылықтарын жеткізіп, арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.