Сектор жетекшісі тәжірибелік дәріс өтті
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Ембі қаласына жасаған іссапары аясында жергілікті әйелдер жамағатымен кездесті.
Шара барысында мәйітті жуындыру және кебіндеу рәсімдерін шариғат талаптарына сай орындау тәртібіне арналған тәжірибелік оқу-семинары ұйымдастырылды.
Дәріс барысында сектор жетекшісі өмір мен өлімнің ақиқаты, адам баласының бұл дүниедегі өткінші ғұмыры және ақыретке дайындықтың маңыздылығы туралы тағылымды уағыз айтты.
Насихат барысында қасиетті Құран Кәрімдегі: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады…» деген аят келтіріліп, әрбір мұсылманның ізгі амалдарды көбейтуі қажеттігі еске салынды. Өлімді еске алу адамның жүрегін жұмсартып, тәубеге келуге және дүниеге алданып қалмауға үндейтіні атап өтілді.
Тәжірибелік сабақ аясында қатысушылар салттық рәсімдерді шариғат шеңберінде дұрыс атқару жолдары; мәйітті жуындыру және кебіндеу барысында жіберілетін қателіктердің алдын алу; жаназа рәсімдерін біріздендіру талаптары.туралы толық білім алды.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауаптар алды. Бұл шара жамағатқа рухани серпін беріп, діни рәсімдерді сауатты әрі жүйелі орындаудың маңызын ұғындыруға бағытталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




































