Шалқар ауданында «Адал ас – жанға шипа» тақырыбында семинар өтті
Шалқар ауданында «Адал ас – жанға шипа» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинарға ҚМДБ «Халал даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің технолог маманы Ақмаржан Ержанқызы және Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова арнайы қатысты.
Іс-шара барысында ҚМДБ «Халал даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің технолог маманы Ақмаржан Ержанқызы кәсіпкерлер мен жамағатқа күнделікті тұтынылатын азық-түлік пен тұрмыстық заттардың тазалығы мен адалдығына мән берудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, халал сертификатын берудегі мақсат, оның маңызы және сертификат алу талаптары кеңінен түсіндірілді.
Одан өзге, Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Исламдағы халал ұғымының мәні мен оның кәсіпкерлік саласындағы рөліне тоқталды.
Семинар аясында әйел жамағатына адал өнім өндіру технологиясы, шариғат талаптарына сай халал мен харамды ажырату, кәсіпорындарда аудит жүргізу тәртібі, зертханалық тексерістердің маңызы, тағамдық қоспалардың халалдығы секілді өзекті мәселелер жан-жақты баяндалды.
Іс-шара соңында кәсіпкерлер мен жамағат өздерін толғандырған сұрақтарына тұщымды жауап алып, арнайы келген мамандарға алғыстарын білдірді.











































