Шалқарда «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» атты рухани-тағылымдық семинар өтті
Шалқарда «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» атты рухани-тағылымдық семинар өтті.
Отбасы күніне орай ұйымдастырылған шараға Ақтөбе қаласы «Бақытжан» мешітінің бас имамы, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты маманы Еламан Кәрім арнайы келді.
Басқосуға «Аталар мектебі» өкілдері, мешіт жамағаты, сондай-ақ мешіт шәкірттері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – Исламдағы отбасы құндылықтарын насихаттау, жастарды отбасы құруға жауапкершілікпен қарауға үндеу, неке мен бала тәрбиесінің маңызын түсіндіру, сондай-ақ халқымыздың салт-дәстүрі мен Ислам құндылықтарының сабақтастығын көрсету.
Шара барысында «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты маманы Еламан Кәрім тақырып аясын кеңінен түсіндіріп өтті. Исламдағы отбасының орны, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігі, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызына тоқталды. Сондай-ақ отбасындағы дұрыс тәрбие мен адалдықтың қоғамның рухани тұтастығына тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков жастарды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, шаңырақтың ынтымағын сақтап, қоғамға үлгі болатын берекелі отбасы құруға шақырды.
Рухани-тағылымдық шараның соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.






































