РАНТ мүшесі Ұлан Шарипов Темір ауданына барды
ҚМДБ жылдық жоспарына сәйкес, республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы «Жақия қажы» мешітінің бас имамы Ұлан Шарипов Ақтөбе облысы, Темір ауданына арнайы іссапармен барды. Сапар аясында жергілікті жастар мен мешіт жамағатына арналған бірқатар рухани-танымдық және ақпараттық кездесулер ұйымдастырылды.
Іс-шаралар легі Темір қалалық тарихи мешітінде басталды. Онда РАНТ мүшесі жұма намазының алдында «Исламдағы көрші ақысы және қоғамдық қарым-қатынас әдебі» тақырыбында уағыз айтып, жиылған жамағатты көрші ақысына мән беруге және мұсылманның қоғамға пайдалы болуына шақырды.
Сапар одан әрі Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде жалғасты. Ұлан Беркенбайұлы аудандық жастар ресурстық орталығында жергілікті жастармен өткен «Діни сауаттылық – қоғам талабы» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Сондай-ақ аудандық «Досжан ишан» мешітінде екінті намазына жиналған жамағатқа «Исламдағы бауырмалдық» тақырыбында тағылымды насихат айтылды. Намаздан кейін мешіт жамағаты жайған дастарқан басында «Исламдағы ұяттың орны» жөнінде уағыз жүргізілді.
Кездесу соңында аудан жастары мен жамағаты құнды ақпараттары мен мағыналы насихаты үшін РАНТ мүшесіне ризашылықтарын білдірді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі












































