Шалқар: «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсының 6 легі қортындыланды
Шалқар ауданында «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсының 6 легін аяқтаған шәкірттер марапатталды.
2023 жылдың қазан айында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің жанындағы қайырымдылық мекемесінде «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсы өз жұмысын бастады.
Тігінші Гүлбану Ыбрайымқызының жетекшілігімен курс үздіксіз жалғасын тауып, бүгінде курстың 6 легі бойынша 9 шәкірт арнайы сертификаттармен марапатталды.
Аталған курсты тәмәмдаған шәкірттерге сертификат табыстау рәсіміне Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы Жұлдыз Тлеубай қатысып, тігін шеберханасының жұмысына ізгі лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
Игі шарада тігінші Гүлбану Ыбрайымқызы «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсын «өте жақсы» деңгейде аяқтап, үздік нәтиже көрсеткен шәкірттерге сертификаттар табыстап, келешекте осы игерген кәсіптерін әрі қарай дамытып, игі істер жасауға шақырды.
Айта кетейік, 3 айға созылған тігін курсын 9 шәкірт аяқтап, әрбір курсқа қатысушы кемінде 3 киім тігіп шықты. Атап айтсақ, алғашқы жетістіктері ретінде белдемше, көйлек, шалбар, кәжекей т.б пішіп, тігіп үйренді. Сонымен қатар тігін курсының 7 легіне тіркелу басталды.
Курсты сәтті аяқтаған шәкірттер тігінші Гүлбану Ыбрайымқызына алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі