АҚША ҚҰНСЫЗДАНҒАНДА ҚАРЫЗ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРЫЛАДЫ? атты пәтуа сағаты өтті
Ақтөбе өңіріне қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінде жұма уағызынан соң мешітке келген жамағаттың діни сұрақтарына жауаптар беріліп, «Пәтуа сағаты» өткізілді. Жиын барысында жамағат тарапынан құлшылық, отбасы, сауда-саттық және күнделікті өмірге қатысты түрлі сауалдар қойылды. Солардың қатарында «Ақша құнсызданғанда қарыз қалай қайтарылады?» деген қаржылық мәселеге қатысты сұрақ та болды.
Имамдар қарыз мәселесінде тараптардың алдын ала жасасқан келісімі мен қарыздың қандай түрде берілгеніне мән берілетінін түсіндірді. Егер қарыз белгілі бір ақша сомасымен беріліп, қайтару мерзімі белгіленсе, қарыз алушы келісілген соманы өтеуге міндетті.
Ал уақыт өте келе ақшаның сатып алу қабілетінің төмендеуі немесе инфляцияның болуы қарыз сомасын өздігінен өзгертуге негіз болмайды. Яғни қарыз алушы қарыз алған кездегі келісілген ақша мөлшерін қайтаруы тиіс. Қарыз берушінің «ақша құнсызданды» деген себеппен үстеме талап етуі шариғат талаптарына сай келмейді.
Дегенмен тараптар қарызды өтеу кезінде өзара келісімге келіп, қарыз алушы ешқандай мәжбүрлеусіз қосымша қаражат берсе, бұл бөлек мәселе ретінде қарастырылады. Мұнда қарыз шарты жасалған кезде алдын ала үстеме талап ету немесе оны шартқа енгізу болмауы керек.
Дін мамандары жамағатқа қарыз алғанда оның мөлшерін, мерзімін және қайтару тәртібін нақты келісіп, мүмкіндігінше жазбаша түрде рәсімдеудің маңызын атап өтті. Бұл екі тараптың да құқығын қорғап, кейін туындауы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын алады.
«Пәтуа сағаты» барысында қойылған сауалдарға ҚМДБ-ның пәтуа ұстанымдары мен Ханафи мәзһабы негізінде жауаптар беріліп, жамағатқа қаржылық қарым-қатынаста адалдық пен аманатқа берік болудың маңызы түсіндірілді.





































