ИНТЕРНЕТ ДҮКЕН АРҚЫЛЫ САУДА ЖАСАУҒА БОЛА МА? атты пәтуа сағаты өтті 6711

ИНТЕРНЕТ ДҮКЕН АРҚЫЛЫ САУДА ЖАСАУҒА БОЛА МА? атты пәтуа сағаты өтті

11 қыркүйек 2026 10 Оқу 1 минут

Ақтөбе мешіттерінде жұма уағызынан соң мешітке келген жамағаттың діни сұрақтарына жауаптар беріліп, «Пәтуа сағаты» өткізілді. Жиын барысында жамағат тарапынан құлшылық, отбасы, сауда-саттық және күнделікті өмірге қатысты түрлі сауалдар қойылды. Солардың қатарында «Интернет дүкен арқылы сауда жасауға бола ма?» деген кәсіпкерлікке қатысты сұрақ та қойылды.

Имамдар қазіргі таңда онлайн сауданың кеңінен таралғанын айтып, интернет арқылы тауар сатып алу мен сатудың өздігінен шариғатқа қайшы емес екенін түсіндірді. Алайда кез келген саудадағыдай, онлайн саудада да адалдық, ашықтық және тараптардың өзара келісімі сақталуы қажет.

Атап айтқанда, сатылатын тауардың түрі, бағасы, сапасы, саны және жеткізу шарттары сатып алушыға анық көрсетілуі тиіс. Тауардың кемшілігін жасыруға, жалған ақпарат беруге, сатып алушыны алдауға немесе тауарды шариғатта тыйым салынған жолмен сатуға болмайды.

Сондай-ақ интернет дүкен арқылы сауда жасағанда төлем жасау мен тауарды жеткізу тәртібі алдын ала нақты белгіленгені жөн. Сатып алушы мен сатушының келісімі анық болуы және екі тараптың да құқықтары сақталуы маңызды.

Дін мамандары сауда-саттықтың негізгі қағидаларының бірі – адал табыс табу екенін атап өтті. Құранда: «Алла сауданы халал, өсімді харам етті» («Бақара» сүресі, 275-аят) деп баяндалған. Сондықтан заман талабына сай интернет арқылы сауда жасауға рұқсат етілгенімен, оның барысында шариғат талаптары мен адал сауда қағидалары басшылыққа алынуы қажет.

«Пәтуа сағаты» барысында жамағаттың сауалдарына ҚМДБ-ның пәтуа ұстанымдары мен Ханафи мәзһабы негізінде жауаптар беріліп, кәсіпкерлікпен айналысуда адалдық пен аманатқа беріктік сақтаудың маңызы түсіндірілді.