Ақтөбе: Тұңғыш рет  облыстық қыздар арасында Құран жарысы өтті 2807

Ақтөбе: Тұңғыш рет облыстық қыздар арасында Құран жарысы өтті

29 маусым 2023 4624 Оқу 1 минут

Бүгін ұлық мерекені ұлықтау мақсатында Құрбан айттың екінші күніне орай ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі мен «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Ақтөбе облысының әйел жамағатына арналған Құран жарысы өтті.

«...Раббыңның атымен оқы» атты Құранды жатқа оқу сайысына Ақтөбе қаласы, Шалқар, Байғанин, Алға ауданынан 30-астам шәкірттер қатысты.

Қатысушыларды әлідқазы алқасының төраға ретінде «Ақжар» қарилар дайындайтын орталықтың директоры Бекжан қари Әлденов, ал қазылар облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов, «Ихсан» орталығының теологы Раушан Мералы бағалады.

Әділқазылар сайысқа қатысушы шәкірттер мен жамағатқа Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде уағыз айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерімен таныстырды. Сонымен қатар баға беру барысында қатысушының оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән бергендігін атап өтті.

Құран – Алла Тағаланың адам баласына берген ұлы мұғжизасы. Адамзат Құранмен сәйкес өмір сүргенде ғана ақиқат ұғымының биігін бағындыра алады. Құранды көбірек оқу және әрдайым жаттап жүру арқылы пенде Раббысына сүйікті құл болу мәртебесіне қол жеткізеді. Мұсылман Құранды жиі оқығанда ғана тақуа бола алады.

Имам Бухари (р.а.): «Жаттау үшін – адамның білімге құштар болуы және сонымен қатар жаттаған нәрсесіне әрдайым қарап отырудан пайдалысын білмедім», – деген.

«Фәжр» жүресінен «Нас» сүресіне дейін жатқа оқудан өткен Құран жарысында 7 ынталандыру сыйлығы берілді. Ал үздік деп танылған Дүкенбаева Фатима І орынмен (80 000 теңге), Серікжанқызы Айша ІІ орынмен (60 000 теңге), Ахмедова Жанат ІІІ орынмен (40 000 теңге) марапатталды.

Қатысушылардың жасы 8 жастан бастап 70 жас аралығында болды.

Алғаш рет өткізілген додаға жалпы 100-ден астам қатысты. Ұйымдастырушылар шарының негізгі мақсаты – мешіт жамағатын Құранды дұрыс оқуға шақыру, білім ізденуге ынталандыру, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірі арқылы мейірімділіккесыйластыққа, мұсылмандыққа тән қасиеттерді қалыптастыру екенін айта келе, байқаудың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын мәлімдеді. Қатысушылар мен көрермен Құран жарысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Одан өзге әділқазылар мен ұйымдастырушылар және қатысушылар БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі