«Ұлттық құндылықтар — ұлт айнасы» атты облыстық рухани-танымдық сайыс өтті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз бен Айт мерекесіне орай Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Ұлттық құндылықтар — ұлт айнасы» атты облыстық рухани-танымдық сайыс ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық адам қатысты.
Шара Құран Кәрім аяттарымен басталды. Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли жиналған қауымды Ораза айт және Наурыз мерекесімен құттықтап, Ислам дініндегі ананың орны мен мәртебесіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру – дінін, ділін, тілін құрметтейтін, адамгершілігі жоғары буын тәрбиелеудің басты кепілі екенін айтты.
Ал мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова Наурыз мерекесінің мән-мағынасына тоқталып, бұл күннің Алла Тағалаға шүкіршілік білдіретін, жаңару мен жақсылықтың бастауы екендігін атап өтті.
Сайысқа 8 топ қатысты. Атап айтқанда, «Ақ кербез» (облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті), «Шаңырақ» («Бақытжан» мешіті), «Зере» («Досжан хазірет» мешіті), «Есет ата» (Бестамақ жамағаты), «Береке» (Ақтөбе қалалық орталық мешіті), «Ақ босаға» («Имани гүл» рухани даму клубы), «Ойыл» және «Абай ата» (Ақтөбе қалалық орталық мешіті).
Сайысқа төрелік еткен құрметті әділқазылар алқасының құрамында «Әжелер» мектебінің мүшесі Бибіхадиша қажы Тілеумағанбетқызы, РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы, «Мұнара» телеарнасының журналисті Ақтоқын Орысбайқызы, «Досжан Хазірет» мешітіндегі «Әжелер» мектебінің мүшесі Әсия Әбілқызы және белсенді жамағат мүшесі Нұргүл Мейірханқызы болды.
Дода жүргізушілері Гүлден Қалдыбайқызы мен Сәнімгүл Нұрбекқызы Наурыз мерекесі мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеудің маңыздылығын баяндады.
Жарыс 5 кезеңнен тұрды. Әр кезең мазмұны жағынан бай, тәрбиелік мәні терең болуымен ерекшеленді. Алғашқы «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде қатысушы топтар өздерін таныстырып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Бұл бөлімде жыр жолдарымен өрілген таныстырулар, сахналық көріністер, халық әндері мен домбыраның сүйемелдеуі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әр топ ұлттық нақышты шебер үйлестіріп, өзіндік ерекшеліктерін айқын көрсете білді.
Екінші «Салтын сүйген – халқын сүйер» кезеңінде қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерін сахналық қойылым негізінде қойды. Бұл бөлімде ерекше әсерге толы болды. Қатысушылар «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Сыңсу», «Сырға салу», «Беташар», «Немеурін» секілді дәстүрлерді жаңғыртып қана қоймай, олардың тәрбиелік мәнін де көрерменге жеткізе білді.
Үшінші және төртінші кезеңдер «Білім додасы» форматында өтті. Бұл бөлімдерде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды. Ұсынылған суреттер арқылы жасырылған мақал-мәтелдерді тауып, олардың мән-мағынасын ашып көрсетті.
Бесінші «Күш атасын танымас» кезеңі сайысқа ерекше серпін берді. Бұл бөлімде қатысушылар арқан тартысып, қол күрес секілді ұлттық ойындарда күш сынасты.
Шара қортындысында әділқазы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы сайыстың негізгі мақсатын нақты түсіндіріп, әр кезеңдегі байқау ережелерін мен қатысушылардың олқылықтары мен ерекшеліктерін атап, не себепті әр баға қойылғанын баяндады.
Рухани-танымдық сайыс өз мәресіне жетіп, әділқазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде І орын «Шаңырақ» тобы («Бақытжан» мешіті), ІІ орын «Ақ кербез» ауылы (облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті), ІІІ орын «Есет ата» ауылы (Бестамақ ауылының жамағаты) иеленді. Жүлделі орын алған топтар мен барлық қатысушыға Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің атынан арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтарды әділқазылар мен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Мырзабек қари Хамитов табыстадды.
Дәстүрді дәріптеген рухани іс-шаралар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамның рухани дамуына серпін береді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






















































































