“Салауатты діни түсінік пен жалған идеяларды ажырата білу” тақырыбында кездесу өтті
Ойыл ауданы Ақшатау орта мектебінде «Салауатты діни түсінік пен жалған идеяларды ажырата білу» тақырыбында ұстаздармен кездесу өтті.
Кездесу барысында Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызыр діни сауаттылықтың маңызына тоқталып, қазіргі қоғамдағы діни ақпараттың алуан түрлілігіне байланысты дұрыс діни түсінік қалыптастырудың қажеттігін атап өтті.
Бас имам өз сөзінде дін мәселесінде кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, діни ілімді сенімді әрі білікті мамандардан үйренудің маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ діннің негізгі құндылықтары адамды бейбітшілікке, ізгілікке, білімге, өзара құрмет пен жауапкершілікке үндейтінін айтып, дінді бұрмалап түсіндіретін жалған діни идеялардан сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар ұстаздардың жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берудегі рөліне ерекше тоқталып, оқушылардың діни сауатын арттыруда отбасы, мектеп және мешіт арасындағы өзара байланыстың маңыздылығын жеткізді.







































